Түркістан облысында үш адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасы болды. Сауран АПБ ауыр жүк көліктерінің қатысуымен болған жол апатын тергеп жатыр.
Түркістан облысында ЖКО фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, деп хабарлайды Қазақстанның ішкі істер министрлігінің ресми интернет-ресурсы.
«19 қыркүйек шамамен сағат таңғы 05.50-де Сауран АПБ-ға ауыр жүк көліктерінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы бойынша хабарлама келіп түскен. Сауран АПБ полицейлері аталған жайтты бірден ҚР ҚК-нің 345-бабы 4-бөлігімен (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша тіркеп, оқиға орнына жедел жетті. Полиция қызметкерлері оқиға орын алған аумақты мұқият қарап, тиісті тексеру жұмыстарын жүргізді. Анықталғандай, Шымкент-Самара трассасының 135-шақырымында DAF 460 маркалы көлігінің жүргізушісі Шымкент қаласынан Түркістан бағытына қарай басқарып келе жатып, жолдың жиегінде тоқтап тұрған келесі бір DAF 105 маркалы жүк көлігін қағып кетіп, жол-көлік оқиғасын жасаған. Нәтижесінде, тоқтап тұрған ауыр жүк көлігінің жанында болған үш адам оқиға орнында қаза тапты», — делінген хабарламада.
DAF 460 маркалы көлігінің жүргізушісі қамауға алынды. Бүгінгі таңда бұл жайтқа байланысты тиісті сараптамалар тағайындалды.
Тәртіп сақшылар оқиғаның толық мән-жайын анықтап жатыр.