Түркістан облысы тауларында жүргізілген құтқару операциясы нәтижесінде жоғалып кеткен туристер табылып, эвакуацияланды.
Бұл туралы өңірдің ТЖД хабарлады.
Кеше сағат 11:00 шамасында төрт адам «Алтын-дан» демалыс аймағынан Сайрам-Өгем ұлттық паркі аумағындағы Сусінген көліне қарай бет алған. Сағат 22:10-да құтқарушыларға туристердің жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түсті.
Іздеу жұмыстарына екі машинамен азаматтық қорғаудың 18 қызметкері, сондай-ақ бірнеше полиция қызметкерлері мен қорықшылар жұмылдырылды. Сағат 23:10-да іздеу тобы жоғалып кеткен адамдармен байланысқа шықты, ал 3 сағат 20 минуттан кейін оларды Наутсай шатқалы маңынан тапты.
Туристер таң ата қауііпсіз жерге жеткізілді. Құтқарылғандарға медициналық көмек қажет болмады. Олардың айтуынша, олар тұманда адасып кеткен.
«Тауда бейтаныс жолмен жүрмеңіз, ыңғайлы киімдер мен арнайы аяқ киім киіңіз. Таулы жер қауіпті екенін естен шығармаңыздар», — деп кеңес береді ТЖД.