Түркияда Тоқаев пен Ердоған арасында келіссөздер өтті

Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаев Анкараға ресми сапары барысында президент Ердоғанның көрсеткен қонақжайлылығы үшін және Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммитін ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Түркия халқына көңіл айтты.

«Марқұмдардың туған-туыстарына, Өзіңізге және бүкіл Түркия халқына тағы да көңіл айтамын. Түркия – әрқашан қиындыққа қарсы тұра білген мемлекет. Сіздер мол тәжірибе мен ел бірлігінің арқасында бұл қиындықты еңсеріп шығасыздар деп сенемін», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Түркия Президенті Қазақстан презилентіне шақыруды қабылдап, Анкараға келгені үшін алғыс айтты.

«Түркияға келгеніңізге қуаныштымын. Алапат жер сілкінісінен 49 мың адам қаза тапты. Осындай қиын сәтте алғашқы болып телефон шалған әлемдік көшбасшылардың бірі өзіңіз болдыңыз. Қазақстаның құтқарушылары зардап шеккен азаматтарымызды құтқаруға атсалысты. Біз шынайы бауырмалдықты сезіндік», — деп атап өтті Түркия Президенті.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Қазақстанның басты сауда серіктестерінің бірі екенін айтты.

«Түркия Қазақстанның басты бес сауда серіктесінің қатарына кіреді. Былтыр екі ел арасындағы сауда айналымы 33 пайызға өсіп, 6,3 миллиард долларға жетті. Бұл – жүйелі жұмыстың нәтижесі. Қазақстанның тауарларын Түркия нарығына көптеп шығаруға мүмкіндік бар», — деді Президент.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы түрік инвесторларының Қазақстандағы жобаларын қолдауға дайын екенін жеткізді.

Сондай-ақ кездесу барысында «Орта дәліз» деп аталатын Транскаспий халықаралық көлік бағыты аса маңызды рөл атқаратыны сөз болды. Қазақстан тарапы әлеуеті мол осы көлік-логистикалық бағдарды дамыту үшін ортақ инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін мәлімдеді.

Режеп Тайып Ердоған кейінгі жылдардағы екіжақты сапарлар нәтижесінде барлық салада өсім бар екенін, жыл соңына дейін тауар айналымын 10 миллиард долларға дейін жеткізу қажеттігін айтты. Түркия басшысы көлік саласында Орта дәліз әлеуетін толық пайдалану керектігін де атап өтті.

Добавить комментарий