Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін сыртқы саясатында әлемдік көшбасшы елдермен өзара тиімді қарым-қатынас орнатуды көздейтін көпвекторлы бағытты ұстанды, бұл ретте оларға мемлекеттің егемендігі мен тәуелсіздігіне қауіп төндіретін шарт қоюға немесе ықпал етуге жол бермейді. Қазақстанның сыртқы саясатын дамытудың басты векторларының бірі — түркі тілдес елдермен өзара тиімді қарым-қатынас құру. Осылайша 2009 жылы Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия Түркі кеңесі (Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі) ұйымын құрды. Түркі кеңесінің мақсаты — түркі тілдес мемлекеттер арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдету, сондай-ақ өңірде және бүкіл әлемде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бірлескен күш-жігер салу.
12 қарашада Стамбулда өткен Түркі кеңесінің сегізінші саммитінде Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің атауын «Түркі мемлекеттері ұйымы» деп өзгерту туралы шешім қабылданды. Бұл Қазақстан мен басқа да мүше елдер үшін стратегиялық және өзара тиімді мәнге ие. Енді бұл толыққанды халықаралық ұйым. ҚР үшін бұл ерекше оқиға, өйткені тәуелсіздік алғалы бері еліміз осы мақсатты көздеп, ақыры соңында оған қол жеткізді. «Түркі мемлекеттерінің ұйымын берік мәдени-гуманитарлық әлеуеті бар әлемдегі ең перспективалы интеграциялық жобалардың бірі десе болады», — деп жазады батыстық сарапшылар. Осы саммитте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйымның әлемдік қоғамдастықта лайықты орын алатынына сенім білдірді.
Түркі интеграциясы, әрине, жеңіл шешіле салатын мәселе емес және саяси, экономикалық және мәдени көптеген аспектілер бойынша одан әрі егжей-тегжейлі пысықтауды талап етеді. «Ресейдің Батыспен шиеленіскен қарым-қатынасы мен Орталық Азия мемлекетіне деген белгісіз ұстанымын ескеретін болса, бұл Қазақстанға Ресейден алшақтауға таптырмас мүмкіндік екені түсінікті. Ресей Қазақстанмен ынтымақтастығын империялық амбицияларының призмасы арқылы қарастырады. Осыны негізге ала отырып, Мәскеу көршісіне жүйелі түрде қысым көрсетіп, ықпал ету аймағын кеңейтуге тырысуда. Ресейде билік басындағылар ҚР-ның түркі тілдес елдермен интеграциялық процестері неғұрлым нығайған сайын Кремльдің Нұр-Сұлтанға ықпалын сақтау қиынға соғатынын түсінеді. Егер кеңірек қарасақ, әңгіме тек Қазақстан туралы болып отырған жоқ, Ресей үшін түркі интеграциясы тиімсіз, себебі түркілер біріксе, РФ тарапынан қысымның жолын кесу жеңілдей түседі», — дейді батыстық саясаттанушылар.