Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Мәдениет және спорт вице-министрінің ұсталғаны туралы ақпаратты растады

Жемқорлыққа қарсы қызмет Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбековтің ұсталғаны туралы ақпаратты растады. Бұл туралы брифингте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бірінші департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаров айтты.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мәдениет және спорт вице-министріне қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. Ол букмекерлік қызмет саласында лоббилау және жалпы қамқорлығы үшін заңды тұлғадан пара алды деген күдікке ілінді. Сот санкциясымен пара алушы мен пара беруші қамауға алынды», — делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің хабарламасында.

Ведомствода басқа ақпарат тергеу мүддесі үшін жария етілмейтінін мәлімдеді.

Осы аптада кейбір БАҚ-та ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбековтің ұсталғаны туралы ақпарат көздеріне сілтеме жасап хабарлаған болатын. Оны Нұр-Сұлтан — Дубай рейсінен түсіріп алғаны хабарланды. 22 ақпаннан бастап ресми түрде еңбек демалысында болғаны айтылған.

Добавить комментарий