Суэц каналын жауып тастаған кеме қайта сол жолмен өтеді

2021 жылғы наурыз айында Суэц каналын жауып тастап, кемелердің қозғалысын алты күнге тоқтатып тастаған контейнер тасымалдайтын кеме тағы сол жолмен өтеді.

Ever Green атты әлемдегі ірі контейнер тасымалдаушы кеме Роттердамнан қайта оралып, бүгін Суэц каналы арқылы жүзіп өтеді.

Биылғы жылдың наурыз айында кеме қайырға тұрып қалып, канал арқылы қозғалысты тоқтатқан болатын.

Egypt Today басылымының хабарлауынша, канал арқылы қозғалыс 10-12 сағатқа созылады.

Осы жолы келеңсіз жағдайдың алдын алу үшін 400 метрлік контейнер тасымалдайтын кемемен екі буксир ілесіп жүреді.

2021 жылғы 23 наурызда Ever Given кемесі Суэц каналының оңтүстік учаскесінде қайырға тұрып қалған болатын. Каналда қозғалыс алты күнге тоқтатылып, 400-ден астам кеме тұрып қалды. Бұл жағдайдың кесірінен әр түрлі компаниялар шығынға батты. Суэц каналы басқармасының мәліметінше, Мысыр «кептеліс» салдарынан күніне 14 млн доллар жоғалтқан.

Мысыр экономикалық соты келтірілген залал мен құтқару операциясына жұмсалған шығындар үшін өтемақы төлемейінше кеме канал әкімшілігінде болады деген шешім шығарды. Суэц каналының басқарма басшысы мен кеме иесі бітімге келгеннен кейін 7 шілде күні кеме каналдан шығып, Роттердамға қарай бет алды.

Добавить комментарий