«Спутник V» вакцинасынан кейін иммунитет 2 жылға сақталады

Қазақста Денсаулық сақтау министрлігі «Спутник V» вакцинасының тиімді екені, соның ішінде «британдық» және «оңтүстік африкалық» екі жаңа штаммға қарсы тиімді екені айтты.

«Спутник V»-ден кейінгі иммунитет кем дегенде екі жыл сақталуы мүмкін екендігі дәлелденді. вакцина коронавирустың «британдық» және «оңтүстікафрикалық» сынды жаңа штаммдарына қарсы тиімді екендігі де маңызды. Вакцинаны әзірлеушілер «Спутник» вакцинасы COVID-19-дың орта және ауыр өтуінен 100% қорғайтындығын атап өтті», — деді Денсаулық сақтау вице-министрі — ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, мұндай деректер әлемнің жетекші медициналық ғылыми журналдарының бірі Lancet-те жарияланған. Ғалымдар коронавирусқа қарсы «Спутник V» вакцинасының тиімділігі шын мәнінде 91,6% құрайтынын растады.

«Вакциналау кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Денсаулық сақтау министрлігі КВИ-ға қарсы вакцинациялауды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды және суық тізбектің барлық қатысушылары үшін COVID-тің алдын алу жөніндегі вакциналарды сақтау және тасымалдау регламентін әзірледі. ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 77-бабының 18-тармақшасына сәйкес КВИ-ға қарсы вакцинация тек вакцинацияға ақпараттандырылған келісіммен және мемлекеттік бюджет есебінен тегін жүргізіледі», — деп атап өтті вице-министр.

Сонымен қатар, БАҚ пен әлеуметтік желілерде вакцинацияның зияны туралы жалған хабарламалар тарала бастады.

«Сіздерді тек ресми дереккөздердің ақпаратына ғана сенуге, медицина қызметкерлерінің ұсыныстарына құлақ асуға және псевдосарапшылар мен арандатушылардың арбауына көнбеуге шақырамын. Вакцинация инфекциялармен күресте өзінің тиімділігін бірнеше рет дәлелдеді, аурулардың тіркелу деңгейін нөлге дейін азайтты. Бүгінгі таңда бұл иммунопрофилактикамен басқарылатын инфекциялардан қорғаудың ең тиімді шарасы, сондай-ақ карантин мен өзін-өзі оқшаулаудың жалғыз баламасы. Алдын ала болжам бойынша және шетелдік ғалымдардың жарияланымдарына сәйкес, КВИ ауруын азайтуға мүмкіндік беретін ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін ересектердің 50%-дан астамын вакцинациялау қажет», — деп баса айтты ол.

Ерлан Қиясовтың мәліметінше, 3 ақпандағы жағдай бойынша республикада COVID-19-дың оң нәтижесімен 190 359 науқас және КВИ- 48 005 жағдайы тіркелді. Оның ішінде соңғы тәулікте 1 228 КВИ+ жағдайы және 107 КВИ- жағдайы тіркелді.

«Қазіргі таңда Қазақстан «сары» аймақта орналасқан. «Қызыл» аймақта үш өңір — Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары орналасқан. «Сары» аймақта — алты өңір — Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстары және Нұр-Сұлтан. Қалған жеті өңір «жасыл» аймақта орналасқан. Эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, өңірлерде бекітілген әлеуметтік-экономикалық нысандардың жұмысын шектеу критерийлеріне сәйкес күшейтілген карантиндік шаралар қабылдануда», — деді ол.

Добавить комментарий