Сотталған әйелді зорлаған колония қызметкеріне үкім шығарылды

Әйелдер колониясының бұрынғы қызметкері сотталған әйелді зорлағаны үшін кінәлі деп танылып, ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Алматы облысы Іле аудандық соты «ЛА-155/4» мекемесі (қазіргі № 10 мекеме) бастығының бұрынғы кезекші көмекшісін сотталған әйелдердің бірін зорлады деген айыппен 10 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі.

Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, сотталған әйелді зорлау 2021 жылдың 10 маусымында жасалған. Айыпталушы сотта кінәсін мойындаған жоқ, бірақ сот жәбірленушінің айғақтары мен сот талқылауы барысында тексерілген дәлелдер расталды, оның ішінде бірқатар сараптамалардың қорытындылары ескерілген.

«Іле аудандық сотының үкімімен сотталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы, 2-бөлігінің 5-тармағы, сондай-ақ, 146-баптың 1-бөлігі бойынша 10 жыл бас бостандығынан айырылды және 3 жыл мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырылды», — делінген соттың баспасөз қызметінің хабарламасында.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Добавить комментарий