Сомалиде құрғақшылықтың салдарынан төтенше гуманитарлық жағдай жарияланды. Ел билігі халықаралық қауымдастықтан көмек сұрады..
Сомали Премьер-министрі Мохамед Хусейн Робле сейсенбі күні құрғақшылық салдарынан бүкіл ел аумағында төтенше гуманитарлық жағдай енгізілетінін жариялады. Бұл туралы ол Сомали үкімет отырысында мәлім етті.
«Мен жаңа ғана төтенше гуманитарлық жағдай режимін жарияладым, — деп мәлімдеді премьер өз сөзінде, оның видеосы үкіметтік порталда жарияланды. — Мен еліміздің барлық азаматтарын, сондай-ақ халықаралық қоғамдастықты құрғақшылықтан зардап шегіп жатқан Сомали азаматтарына көмек көрсету үшін келісілген іс-қимылдар жасауға шақырамын».
БҰҰ-ның 19 қараша күні жариялаған деректеріне сәйкес, қазір Сомалиде 2,3 млн адам немесе халықтың 18%-ы тоя тамақ ішпейді. Құрғақшылықтың салдарынан биыл шамамен 100 мың адам үйлерін тастап, елдің басқа аймақтарына күн көру үшін кетуге мәжбүр болды.