Словакия Президенті Зузана Чапутова елдің Премьер-министрі Роберт Фицоны құқықтық тәртіп принципіне нұқсан келтірді және заңды бұзбақ болды деп айыптап, қатаң сынға алды. Financial Times газетіне берген сұхбатында оның Ресеймен байланысы барын айтып, бұл алаңдаушылық тудыратынын атап өтті.
Чапутова Фицоның сот реформасы мен Конституциялық сот саласында қабылдаған шешімдерін сынап қана қоймай, оны Мажарстан премьері Виктор Орбанмен теңеді. Оның пікірінше, қазіргі үкімет Мажарстаннан шабыт алып жатыр, бұл Словакиядағы демократия қағидаттарына күмән келтіреді.
Ақпан айында ел парламенті қылмыстық кодекске өзгеріс енгізіп, арнайы прокуратураны тарату туралы шешім қабылдады, бұл ел ішінде де, Еуропалық одақтың наразылығын тудырды. Президент Чапутова кейбір ережелердің қолданысын уақытша тоқтатқан Конституциялық сотқа жүгінді.
Фицо бұған жауап ретінде Конституциялық соттың судьясын жұмыстан босатуды ұсынды. Осыған байланысты ел президенті бұл әрекет сот жүйесіне нұқсан келтіретінін айтып, оның «жауапсыз» екенін айтты.
Сот өзгерістері, БАҚ пен үкіметтік емес ұйымдарға қысым көрсету төңірегіндегі дау-дамайлар Словакиядағы демократияның беріктігіне күмән келтіреді. Чапутова елдегі демократия сыналып жатқанын атап өтіп, демократиялық қағидаттарды қорғаудың маңызды екенін атап өтті.