Шымкенттің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Әбдіманап Төлебаев «Шымкент қаласының аумағында карантин мен шектеу шараларын ұзарту туралы» 2021 жылғы 19 ақпандағы №4 қаулысын қабылдады. «Шымкент аумағындағы карантин мен шектеу шаралары 2021 жылғы 22 ақпан сағат 00.00-ден 2021 жылғы 8 наурыз сағат 00.00-ге дейін ұзартылсын», — делінген қаулы мәтінінде.
Қаулыға сәйкес, бұрын сағат 23:00-ге дейін жұмыс істеуіне рұқсат етілген қоғамдық тамақтану нысандарынан (дәмхана, мейрамхана, лаундж-бар, фудкорт, спорт-бар, бар, асхана, кофе үйлері, асхана) шектеу алынып тасталды.
Енді 50 орынға дейін арналған үстелдер орналастырылған қоғамдық тамақтану нысандарының жұмыс уақыты жұмыс, демалыс және мереке күндері сағат 24:00-ге дейін ұзартылды. Адамдар көп жиналатын іс-шараларды өткізуге және 65 жастан асқан адамдардың қалада жүріп-тұруына шектеу сақталады.
Бетперде тағып жүру және әлеуметтік қашықтықты сақтау бойынша талап міндетті болып қала береді. Қаулы 22 жылғы 2021 ақпан сағат 00:00-ден бастап күшіне енеді.