ШҚО-да жасөспірімдер ұрланған көлікпен жүрген

Катон-Қарағай ауданында кәмелетке толмаған жасөспірімдер ұрланған автокөлікпен жүрген. Шығыс Қазақстан облысы ДП баспасөз орталығының хабарлауынша, Үлкен Нарын ауылында профилактикалық рейд жүргізу барысында ювеналды полиция қызметкерлері ауыл көшелерінің бірінде 2006 жылы туған жасөспірімнің басқаруындағы «ВАЗ-2106» маркалы автокөлігін тоқтатқан, көлік ішінде оның кәмелет жасқа толмаған екі досы болған.

Тексеру барысында аталған көлікті жасөспірімдер ауыл аулаларының бірінен айдап әкеткені анықталды. Сонымен қатар, олар бұған дейін бірнеше сағат бұрын «Chevrolet Nexia» маркалы тағы бір ұрланған автокөлікпен жүрген, аталған көлік иесі полицияға жүгінген.

Шығыс Қазақстан облысы ДП аталған дерек бойынша «Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз айдап кету» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Жасөспірімдер ата-аналарының бақылауына берілді.

 

Добавить комментарий