Ресейдің Украинаға баса-көктеп кіругеніне жетінші ай басталды. Осы уақыт аралығында Ресей әскерінің көптеген сәтсіздіктерін атап өтсе болады, бұл украиналық әскери сарапшылардың пікірінше, Ресейдің жеңіліске ұшырауына алып келеді.
Америкаық соғысты зерттеу институты, соғыс алаңында қалыптасқан жағдайға баға бере отырып, РФ әскері алдағы айларда көп аумақты басып ала алмайтынын айтып отыр.
«Ресей әскерінің бірнеше бағыттың бірінде ауқымды шабуылдау операциясын жүргізуге ресурстары жетпейді. Тұтастай алғанда РФ әскерінің моральдық рухы түсіп кеткен, бұл алға қойған мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік бермей отыр. Украинаға барғысы келмейтін ресейлік сарбаздар да бар. Осыған қарамастан, Ресей президенті Владимир Путин ел экономикасын әскери рельстерге көшіруге, сондай-ақ әскери техника мен сарбаздардың орнын толықтыруға мүмкіндік беретін заң қабылдап, Украина аумағын басып алу мақсатына қол жеткізбек», — деп жазады украиналық сарапшылар.
Мәселен, 14 шілдеде РФ Президенті үкіметтің шешімі бойынша үстеме жұмыс енгізуге және компанияларды Ресей армиясы қажеттілігі үшін мемлекеттік тапсырысты орындауға мәжбүрлі түрде тартуға мүмкіндік беретін заңға қол қойды. Заң тиімділігі төмен болады десе болады, себебі санкциялар салдарынан көптеген ресейлік компанияларға батыс жабдықтары, қосалқы бөлшектер мен материалдар жеткізілмеуде, бұл оларға қандай да бір тапсырыстарды тиімді орындауға мүмкіндік бермейді.
Сондай-ақ, 25 тамызда Путин РФ әскерінің санын ұлғайту туралы жарлыққа қол қойды. Жарлыққа сәйкес, қаңтар айынан бастап Ресей армиясында екі миллионнан астам адам қызмет етеді, оның 1,15 миллионы — әскери қызметшілер.
Британдық барлау қызметінің бағалауынша, бұл шешім соғыс алаңындағы жағдайды айтарлықтай өзгертпейді. Ресей он мыңдаған әскерилерінен айырылды.
Батыстық БАҚ Ресей жақында құрылған 3-ші армия корпусын соғыс алаңына жіберіп жатқанын хабарлайды. Британдық және америкалық өкілдер бұл қадам ұрыс барысына шешуші әсер етпейді деп есептейді, өйткені аталған корпустың бірқатар бөлімшелерінің жеке құрамы даярлықтан өтпеген. Өйткені батальондардың бір бөлігін қысқа даярлықтан кейін бірден алдыңғы шепке жіберіп жатыр.
«Алдағы уақытта — жылдың соңында Ресейде снарядтар, артиллериялар мен броньды техникалар тапшылығы байқалады. Егер ұрыс қимылдары осы деңгейде қарқынды жүргізілетін болса, онда Ресей армиясы аталған проблемаға тап болады. Санкциялардың салдарынан Ресей қару-жарақтың толыққанды өнеркәсіптік өндірісін жалғастыра алмайды және қару-жарақ қорын толықтыра алмайды», — деп хабарлады Украинаның әскери сарапшылары.
Еуроодақ бұған дейін Ресейдің Украинаға басып кіруі соғыстың сарқылу фазасына өтті деп мәлімдеген еді. «Егер Украинаның батыс әріптестері заманауи техниканы жеткізетін болса, РФ кеңестік ескі техниканы қолдануға мәжбүр болады. Путиннің соғысты жалғастыру ниеті Ресейдің әскери және экономикалық әлеуетін құрдымға жібереді. Экономикалық жағдай да осындай. Киевтің батыстағы серіктестері қаржылай көмек көрсетуде, ал РФ санкцияларға белшесінен батып, өркениетті әлемнен алшақтап барады», — деп мәлімдейді киевтік саясаттанушылар.