Қазақстанда сахна тәртібін бұзған әртістерге айыппұл салу жоспарлануда. Айыппұлдың мөлшері 150-ден 2 000 АЕК-ке дейін.
ҚР Үкіметі қазақстандық әртістердің өзін ұстау этикасы мен тәртіп бұзушыларды жазалау нысандарын сақтау мәселесін талқылады. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Күміс Сейітова хабарлады.
«2020 жылы мәдениет саласы туралы заңнамаға түзетулер енгізілді. Оларға сәйкес концерт пен басқа да іс-шараларға қатысты нормалар көзделген. Яғни, әртістерге көрермендер алдында өзін дұрыс ұстай білуі туралы норма қарастырылған. Бұдан басқа, фонограммаға қатысты талаптар қойылды. Музыкант фонограммамен айтатын болса, ол бұл туралы көкрерменге ескертуі тиіс. Бірақ қолданыстағы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте ешқандай жаза немесе айыппұл қарастырылмаған», — деп түсіндірді Сейітова.
Алайда оның айтуынша, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс аясындағы бұл олқылықтарды алып тастауға шешім қабылданды. Қазір үкіметте әртістердің сахна әдебін сақтау мәселесі қарастырылуда. Атап айтқанда, заңды және жеке тұлғаларға қатысты 150-ден 2 000 АЕК дейінгі айыппұл салу қарастырылып жатыр.
Сейітова бұл шара әлі қолданысқа енгізілмегенін және мәселе әртістер мен концерттерді ұйымдастырушылармен талқыланып жатқанын атап өтті.