Солтүстік Қазақстан облысында ауыл мектебінің бірінің акт залының төбесі іргетастың отырып қалуы мен төбеден аққан судың кесірінен опырылып түсті.
Облыстық білім басқармасында агенттікке ақпаратты растады.
«2022 жылғы 4 сәуірде Аққайың ауданы «Токушинский мектеп-гимназиясы» КММ акт залының шатыры жартылай опырылып түсті. Зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнына уәкілетті органдардың басшылары аттанды. Сондай-ақ, мән-жайларды анықтау және шаралар қабылдау үшін арнайы комиссия құрылды», — деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
ТЖ-ның алдын ала себебі — іргетастың отырып қалуы және шатырдың жаңбыр суынан бұзылуы.
Мектепте 293 оқушы білім алады. Жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін олар қашықтан оқитын болады. Айта кетейік, мектеп мұғалімі агенттікке былтыр мектепте жөндеу жұмыстары жүргізілгенін, оның ішінде құлаған шатырды жөндегенін айтты.
«Биыл әкімдік мектепті жөндеуге қосымша қаражат бөліп, негізгі мектептің шатырын, акт залы мен интернат ғимаратының шатырын ауыстыруды жоспарлаған», — деп түсіндірді басқармадағылар.
2021 жылғы желтоқсанда Орал қаласындағы бес қабатты үйдің шатырын қатты жел ұшырып кеткен болатын.