Левада-орталық мемлекеттік емес зерттеу ұйымы қоғамның проблемаларына қатысты сауалнаманы жариялады. Сауалнама қорытындысы бойынша сауалнамаға қатысқан азаматтардың 58%-ы бағаның өсуін басты проблема деп санайды.
Екінші орында кедейлік тұр, ол респонденттердің 40%-ын алаңдатып отыр, ал үшінші орында сыбайлас жемқорлық — 39%. Ресей үкіметі бағаны төмендету бойынша шаралар қабылдағанына қарамастан, баға ресейліктер үшін басты проблемаға айналған деңгейге дейін көтерілді.
Азық-түлік тауарларының бағасы инфляцияның алдын орап, жылдам өсіп келеді және бұл халықтың нақты ақшалай табсының төмендеуіне әкеп соғады. Бұндай жағдай РФ-да жетінші жыл қатарынан жалғасып келеді және осылай болуының 2 себебі бар.
1, Ұлттық валюта бағамының құлдырауы. АҚШ доллары 2014 жылдың басымен салыстырғанда 2,5 есе қымбат. Девальвация бірден инфляцияға ауыспайды, жылдамдық пен пропорциялар экономиканың құрылымына, оның импортқа қаншалықты тәуелді болуына байланысты. Девальвациямен қатар, валюта бағамының өзгеруіне байланысты шетелден тікелей жеткізілетін, яғни техника, электроника, автокөліктер импорты қымбаттай бастады. Одан әрі аралық импорт қымбаттайды. Рубльдің құлдырауы бағаның өсуінің нақты себебі деп сенімді айтуға болады. Мысалы, 2013 жылы РФ-да орташа айлық жалақы мөлшері 29,9 мың рубль болды, бұл сол кезде 900 доллардан асатын, ал 2020 жылды алатын болсақ, онда орташа айлық жалақы 51 мың рубль құрады, бұл 700 долларға жетер-жетпес сома.
2, Екінші себеп — экономиканың санкция жағдайында болуы.
2014 жылы Ресей үкіметі санкцияға қарсы санкция енгізуді шешті. Елге импорттық тауарларды әкелуге тыйым салу бәсекелестіктің төмендеуіне алып келеді. Бәсекелестіктің төмендеуі өз кезегінде бағаның өсуіне және тауар немесе қызмет сапасының нашарлауына әкеп соғады — бұл капиталистік экономика заңы.
Санкцияға қарсы санкция нәтижесінде орын алған бәсекелестік сыртқы экономикалық нарыққа нашар әсер етті. Былтыр жаһандық экономика тап болған пандемияны мысал ретінде алуға болады. Пандемияға байланысты баға барлық елде өсті. Бірақ бәсекелестікті шектеу шаралары бар экономикада, бағалар әлдеқайда жылдам өседі, мәселен, Еуропадан азық-түлік тауарларын импорттауға тыйым салу.
Бағаның өсуін тоқтату үшін Ресей үкіметі бәсекелестікті қайтаруы тиіс, ал ол үшін антисанкцияны алып тастау керек. Егер үкімет бағаның өсуін тоқтату ниеті болса, бұл ең бірінші қадам. Бірақ неге екені белгісіз, Ресей үкіметі бұл бағытта ешқандай қадам жасамауда.