Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Ресей-Қазақстан шекарасында ешқандай шенеуніктік заңсыздық жоқ екенін мәлімдеді.
«Маштаково/Сырым шекара бекеттерінде Қазақстанға кіруге кезегін күтіп тұрған көптеген жүк көлігі жиналды. Қазірдің өзінде Ресей де, Қазақстан да жүктерді өткізбейді деген хабарлама пайда болды. Алайда көліктердің жиналуына соңғы бірнеше аптадағы ауа райының бұзылуы себеп болды», — деді Сұлтанов.
Сол аумақта 10 күнге жуық боран соғып, көктайғақ салдарынан жолдар жабылды. Ауа райының қалыпқа келуімен жолдардың ашылуын күтіп тұрған барлық жүк көліктері ресейлік «Маштаково» ПБ кіреберісіне келіп, көп шақырымдық кезекке тұрды.
Оған қоса, 16-17 наурызда боран кезінде Қазақстанның «Сырым» шекара бекетінде электр энергиясы өшіп қалды. Бұл Қазақстан тарапынан тауардың кешігуіне себеп болды.
«Бірақ қазір жолдар ашылып, тазартылды, көліктерді өткізу штаттық режимде жүріп жатыр», — деп сендірді министр.