Қазақстан мен Әзірбайжан конфессияаралық және өркениетаралық қарым-қатынас саласындағы ынтымақтастыққа дайын екендіктерін растады.
Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығы мен Баку Дінаралық және өркениетаралық ынтымақтастық халықаралық орталығы (BCIC) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съездерінің, Баку әлемдік діни лидерлер саммиттерінің идеялары мен шешімдерін ілгерілету, конфессияаралық және өркениетаралық диалог саласындағы халықаралық бастамаларды кеңінен насихаттау, мәдениеттер мен діндердің рухани жақындасуына ықпал ету және сындарлы ынтымақтастықты нығайту мақсатында Баку Дінаралық және өркениетаралық ынтымақтастық халықаралық орталығының Бас Хатшысы Шейх-уль-Ислам Аллахшукур Пашазаде мен Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Нұрсұлтан Назарбаев орталығы Басқармасының Төрағасы Алтай Әбибуллаев 2020 жылдың 7 желтоқсанында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Тараптар бірлескен іс-шараларға өзара қатысу және өткізу, дінаралық, конфессияаралық және өркениетаралық диалогты ілгерілетуге бағытталған диалогтық платформалар мен пікірталас алаңдарын ашу, діни көшбасшылардың, көрнекті мемлекеттік қайраткерлердің, ғалымдардың, Орталық өкілдерінің қатысуымен қонақ дәрістер, сараптамалық кездесулер ұйымдастыру туралы түбегейлі уағдаластыққа қол жеткізді.
Бұдан бұрын Баку Халықаралық дінаралық және өркениетаралық ынтымақтастық орталығының бас хатшысы Шейх-ул-Ислам Аллахшукюр Пашазаде: «Біз Жоғары мәртебелі, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамытуға қосқан жеке үлесін жоғары бағалаймыз. Мен дұға етіп, құдіретті Құдайдан біздің халықтарымыз бен елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты нығайту үшін біздің одан әрі ынтымақтастығымыздың оң болуын сұраймын» деп мәлімдеді.