Қазақстан мен Қытай қолайсыз эпидемиологиялық жағдайға байланысты жабық тұрған «Қалжат» өткізу пунктінің жұмысын қайта бастау мәселесін талқылауға ниетті.
Бес автожол өткізу пунктінің төртеуі ашық және жүктерді қабылдап жатыр.
Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысында кеден саласындағы мәселелер қаралды, деп хабарлайды Премьер-Министрдің сайты.
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпаратына сәйкес, бүгінгі таңда ҚХР-мен шекарадағы «Алтынкөл» және «Достық – Теміржол» теміржол өткізу пункттері штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
«Қазіргі таңда 5 автожол өткізу пунктінің 4-і ашық және жүктерді қабылдап жатыр. “Қалжат” өткізу пункті бүгінде эпидемиологиялық ахуалға байланысты ҚХР жағынан жабық тұр. Тараптар Қалжат-Дулаты қызметін қайта бастайтын нақты күндерді келісіп жатыр», — деді ҚР қаржы бірінші вице-министрі Марат Сұлтанғазиев.
Үкімет ҚХР-дан ҚР-ға «Нұр жолы» өткізу пунктінде жүктерді ауыстырып тиеу мәселесін шешті, ал электрондық кезек ретке келтіріліп жатыр. Бұл орайда жүк тасу қызметінің ақысы 2 есе төмендейді.
Кеңес барысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов қазіргі жағдайға байланысты туындайтын және болуы ықтимал сын-тегеуріндерге жедел ден қою қажеттігін атап өтті.
Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штабтың келесі отырысы 9 наурызда өтеді.