Жетісу облысында сібір тау текесін атқан браконьерлер ұсталды. Ұсталғандар Испания азаматтары болып шықты.
Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті хабарлады.
«Жоңғар-Алатау паркінің мемлекеттік инспекторларының кезекті рейд барысында, Тоқты мемлекеттік табиғи қаумалы аумағынан «Toyota Land Cruiser Prado» маркалы автокөлік тоқтатылып, ішінде болған ҚР азаматы және екі испан азаматтары ұсталды», — деп хабарлады ведомство.
Көлікті тінту барысында жүк салу бөлігінен 2 дана Сібір Тау текелерінің бастары терісімен және екі қапқа салынған салмағы 60-62 кг еттері, сондай-ақ екі шет ел азаматына тиесілі екі қару құралдары, маркасы Mannlicher, екіншісі Блейзер тәркіленді.
«Аталған факті бойынша тергеп тексеру амалдарын жүргізу үшін Жетісу облысы Алакөл аудандық полиция бөліміне жіберілді», — деп толықтырды ведомствоның баспасөз қызметі.