Сәуірде инфляция деңгейі 13%-дан асты. Бағалар шарықтап барады
Қазақстан Үкіметі тауарлар мен көрсетілетін қызмет бағасының өсуіне жол беріп отыр. Сәуір айында Қазақстандағы инфляция деңгейі жылдық есепте 13,2%-ды, бір айда 2%-ды құрады. Жыл басынан бері инфляция көлемі 7,3% болды.
Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі хабарлағандай, бір жыл ішінде азық-түлік тауарлары 17,9%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 11,1%-ға және ақылы қызметтер 8,9%-ға қымбаттады.
Өткен жылдың сәуірімен салыстырғанда құмшекердің, жаңа піскен көкөністердің, картоп пен құс етінің бағасы айтарлықтай өскен. Бағаның төмендеуі тек жұмыртқа бойынша байқалған – 4,1%.
Инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағаларының индексі халықтың жеке тұтыну үшін сатып алатын тауарлары мен қызметтер бағасының өзгеруін көрсетеді.
Бюроның баға статистикасы департаментінің директоры Қуанышбек Жақыпбекұлының айтуынша, жыл басынан бері индекс құрылымындағы азық-түлік тауарларының үлесі 40,7%-ды, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 30,2%-ды, ақылы қызметтер 29,1%-ды құрайды.
2022 жылғы сәуірге қарағанда 2021 жылғы сәуірде азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы мынадай:
автомобильдер — 19,2%;
тұрмыстық құралғылар — 18,1%;
жеке пайдалануға арналған тауарлар — 15,1%;
құрылыс материалдары — 14,7%;
жуу және тазалауға арналған құралдар — 14,3%;
жиһаз және үй тұрмысындағы заттар — 13%;
тоқыма бұйымдары — 8%;
фармацевтикалық өнім — 7,6%;
қоғамдық тамақтандыру қызметтері — 13,9%;
шипажай қызметтері — 12%;
денсаулық сақтау қызметтері — 11,9%;
шаштараздар мен жеке қызмет көрсету орындарының қызметтері — 11%;
қонақүй қызметтері — 5,7%;
жолаушылар көлігі қызметі — 5,4%.
Оның айтуынша, тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында да тарифтердің өсуі байқалады. Электр энергиясы 10,6%, қоқыс шығару 7,8%, тарату желілері арқылы тасымалданатын газ 3,2% және суды бұру 1,1% қымбаттады.
Бұған дейін Қазақстан Ұлттық банкінің басшысы 2022 жылғы наурызда инфляция деңгейі 12%-ға жетіп, 2016 жылдан бергі рекордты жаңартқанын айтты.