Қарағанды және Ақмола облыстарында есірткі заттарын жасайтын зертханалар жойылды.
Арнайы операцияларды жүргізу барысында синтетикалық заттар мен оларды жасауға арналған жабдықтар тәркіленді. Хабарланғандай, Қарағанды облысының аумағында екі, Ақмола облысы мен Павлодар қаласында бір есірткі зертханасы болған.
31 наурызда Ақмола облысында аталған қылмыстық топтың ұйымдастырушыларының бірі ұсталды.
Полицияның хабарлауынша, 30 жастағы Қарағанды облысының тұрғыны аталған өңірден үй сатып алып, оның ішін ірі көлемде синтетикалық есірткі заттарын жасайтын құрал-жабдықтармен толтырып, кейін жасалған есірткіні басқа да өңірлерге сатпақ болған.
Санкцияланған тінту жүргізу барысында ұсталған азаматтан үш килограммнан астам дайын “мефедрон” есірткі заты және 35 литр сұйық “мефедрон” есірткі заты, сондай-ақ үш мың литр сұйық, шамамен 50 килограмм жаппай прекурсорлар алынды.
«Бұған дейін полиция қызметкерлерімен қылмыстық әрекеттерін Қарағанды облысы, Нұр-Сұлтан, Алматы және Павлодар қалаларында жасап отырған ұйымдасқан қылмыстық топтың белді мүшелері – 32 жастағы Алматы, 35 жастағы Ақмола облысының және 21 жастағы Павлодар қалаларының тұрғындары ұсталған болатын», — деп хабарлады Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин.
Топтың заңсыз іс-қимылынан айналымнан өткізуге дайындап қойған 100 мың бір реттік дозаға тең, қара базардағы құны шамамен 1 миллиард 600 миллион теңге болатын 50 килограммнан астам есірткі заты тәркіленді.
«Тәркіленген прекурсорлардан қылмыскерлер 24 миллиард теңге болатын бір жарым миллион доза есірткі жасайтын еді, ол бүтін бір елді улауға жеткілікті екені белгілі», — деді сарапшы.