Прокуратура Алматыда шұңқырға құлап мерт болған баланың өліміне қатысты пікір білдірді

Алматы қаласы Алатау аудандық прокуратурасы шұңқырға құлап мерт болған төрт жасар баланың өліміне қатысты түсініктеме берді.

Балақай бір айдан кейін бес жасқа толар еді. Жазатайым оқиға 9 мамырда Алатау ауданы Қарасу ықшам ауданында кәріз сорғы станциясының құрылысы орнында болған.

«Кәріз сорғы станциясын орнату жұмыстарын Алматы қаласы энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының тапсырысы бойынша мердігер ұйымдар жүргізді», — деп хабарлады Алматы қаласы Алатау ауданының прокуратурасы.

Белгілі болғандай, құрылыс жұмыстары 2021 жылдың желтоқсан айында аяқталуы тиіс еді, алайда мердігерлік ұйымдар белгіленген мерзімде нысанды тапсырған жоқ, оның себептері мен мән-жайлары анықталып жатыр.

«Қазіргі уақытта Алатау ауданының прокуратурасы аталған құрылыс нысаны бойынша барлық құжаттарды талап етті. Зерттеу және талдау нәтижелері бойынша тапсырыс берушінің, мердігер ұйымдардың және басқа да жеке және заңды тұлғалардың әрекеттеріне заңды құқықтық баға беріледі», — деп хабарлады Алматы қаласы Алатау ауданының прокуратурасы.

Сондай-ақ, ведомство балақайдың қайтыс болу фактісі бойынша прокуратура материалды АЕК-ге тіркеп, процессуалдық шешім қабылдау үшін полиция басқармасына жолдады.

Добавить комментарий