Президент Тоқаев: Мемлекет пен бизнесті жаңа «қоғамдық шарт» жасауға шақырды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада отандық бизнес өкілдерімен кездесіп, мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы ынтымақтастық ұлттық экономиканы дамытуда маңызды рөл атқаратынына сенім білдірді. Бұл жақсы дәстүрге айналды, себебі бизнес саласы ел экономикасының негізгі құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады.

«Біз қазір Әділетті Қазақстанның жаңа экономикалық моделін қалыптастыруға кірістік. Бұл – баршамызға ортақ жұмыс, ең алдымен, еліміздің кЕлешегі үшін өте маңызды қадам. Осы жұмысқа кәсіпкерлеріміз белсене атсалысуы қажет. Сондықтан, біз бүгін бизнес саласында қордаланған мәселелерді талқылаймыз. Алдағы міндеттерді айқындап алуымыз керек», — деп атап өтті Президент.

Ол сондай-ақ Жолдауда экономика өсімін 6-7%-ға жеткізуді ұсынғанын еске салды. Ол үшін бизнестің жеке бастамаларына барынша қолдау көрсету қажет.

«Дегенмен, кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де болса бәсең, өз әлеуетіне сай емес деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, бізге шын мәнінде сапалы серпіліс қажет. Ең алдымен, мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасы мүлде жаңа үлгіге көшуге тиіс», — деп қосты Тоқаев.

«Мемлекет бизнестің дамуы үшін барынша қолайлы жағдай жасайды және жеке меншіктің толық қорғалуын қамтамасыз етеді. Өз кезегінде кәсіпкерлер өздеріне жүктелген міндетті, атап айтқанда салық төлеу, экономикаға инвестиция құю, жұмыс орындарын ашу, қызметкерлеріне қолайлы еңбек орта қалыптастыру секілді міндеттерді адал орындайды», — деді Президент.

Ол мемлекет әрбір бизнесменде заңды ықтимал бұзушыны көрмейтін сенімді қарым-қатынасты орнатуда бірінші қадам жасау қажеттігін атап өтті. Президент сондай-ақ әкімшілік процестерді жеңілдету мен цифрландырудың маңызды екенін айтты.

 

Добавить комментарий