«Nur Otan» партиясы праймериздерді өткізу кезінде арнайы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қабылдағаны белгілі. Оларды барлық ұйымдастыру комитеттері, кандидаттардың өздері және дауыс берушілер басшылыққа алуы тиіс. Бұл туралы өзінің Facebook парақшасында «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек хабарлады.
«Құрметті достар! Өздеріңіз білетіндей, партия көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы аясында біз жалпы республикалық ішкі партиялық іріктеу — праймериз өткіземіз. Бүгінгі таңда 7670 азамат өз өтініштерін берді. Олардың 34% — әйелдер, 24,1% — 35 жасқа дейінгі жастар. Егер бастауыш партия ұйымдарынан 2631 адам ұсынылса, 5039 үміткер өзін-өзі ұсынған. Тіркеу осы аптаның соңына дейін жалғасады. 7 қыркүйектен бастап кандидаттарды үгіттеу басталады, соның ішінде жария пікірталастар — 14-30 қыркүйек аралығында.
Сонымен қатар, бүгінгі эпидемиологиялық жағдай белгілі бір шектеулер қояды және праймериздерді өткізу үшін тиісті жағдайлар ұйымдастыруды талап етеді. Бәріміз үшін, бірінші кезекте, азаматтарымыздың денсаулығы мен қауіпсіздігі маңызды. Осыған байланысты біз бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетовамен бірлесіп праймериздерді өткізу кезінде арнайы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды енгізу туралы қаулы қабылдадық. Оларды барлық ұйымдастыру комитеттері, кандидаттардың өздері және дауыс берушілер басшылыққа алуы тиіс. Мәселен, ішкі партиялық іріктеуге қатысушылар ,бетпердені, қолғапты, дезинфекциялау құралдарын пайдалануға, кемінде 2 метр әлеуметтік арақашықтықты сақтауға, қол қысудан және тікелей байланыстың басқа да түрлерінен аулақ болуға міндетті.
Барлық іске қосылған ғимараттарда қажетті санитайзерлер, байланыссыз термометрлер саны қамтамасыз етіледі, дезинфекциялау құралдарын пайдалана отырып, ылғалды жинау және тәулігіне кемінде 2 рет желдету ұйымдастырылады. Үгіт барысында флаерлер мен буклеттерді таратуды тек бетперде мен қолғапты пайдалана отырып жүзеге асыру қажет. Кандидаттардың партия мүшелерімен кездесуі әлеуметтік желілерде, ашық алаңдарда немесе желдетілетін үй-жайларда қатысушылар арасындағы қашықтық және маскалар болған кезде бейнеконференциялар арқылы өтуі мүмкін.
1224 нысанда үміткерлердің жария пікірталастары онлайн-форматта және әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып өткізілуі тиіс. Дауыс беруге арналған 2545 учаскеде кабиналар мен жәшіктер, сондай-ақ бюллетеньдерді беру орындары бір-бірінен кемінде екі метр қашықтықта болуы тиіс. Жалпы, біз енгізген «Праймериз» ақпараттық жүйесі ішкі партиялық іріктеудің барлық кезеңдерін, оның ішінде тіркеу, үгіт-насихат және дауыс беруді онлайн режимде өткізуге мүмкіндік береді. Жүйе қолдануда оңай, сайлаушыны «таңдау құпиясын», сондай-ақ бөгде араласулардан қорғауды қамтамасыз етеді. Сондықтан іс-шаралардың басым бөлігін осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып өткізуге тырысамыз «, — деп жазды Бауыржан Байбек.
Праймериздердің ұйымдастырушылық сәттері туралы primaries.kz және nurotan.kz сайттарынан толығырақ білуге болады. Партияның баспасөз қызметінің мәліметінше, кандидаттарды ұйымдастырушылық және заңгерлік қолдау үшін арнайы жедел желі ұйымдастырылған.