Польша мен Қазақстанның тауар айналымы 12%-ға артты

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен аймақтарға сапары аясында елімізге келген ЕҚЫҰ-ның өкілі, Польша сыртқы істер министрі Збигнев Раумен кездесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Збигнев Рауға ілтипат білдіре отырып, Қазақстанның Польшамен және осы Ұйыммен арадағы ынтымақтастықты нығайту үшін оның бұл сапарының маңызы зор екенін атап өтті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Збигнев Рау Ұйымның әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және гуманитарлық бағыттардағы ықпалдастығын жан-жақты талқылады.

Қазақстан Президенті Польшамен арадағы екіжақты ынтымақтастық жөнінде айта келе, осы елді Орталық Еуропа аймағындағы маңызды серіктес ретінде қарастыратынын жеткізді.

«2021 жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы 12 пайызға артып, 760 миллион долларға жетті. Өзара сауда-саттықты ұлғайту үшін мүмкіндігіміз мол», — деді Қазақстан көшбасшысы.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси және экономикалық реформаларды жоғары бағалады.

Добавить комментарий