Павлодар облыстық полиция департаменті әлеуметтік желілерде тарап жатқан видеоға түсініктеме берді, онда құқық қорғау органының қызметкері прокуратура ғимаратында табельдік қарудан өзін-өзі оқ атқаны көрсетілген.
Департаменттің баспасөз қызметі полицейдің қаза болғаны туралы ақпаратты жоққа шығарып, оның денсаулығына аса қауіп төніп тұрған жоқ деп сендірді.
«23 мамыр күні сағат 18:10-да Железинка ауылында прокуратура ғимаратында аудандық полиция бөлімінің аға тергеушісі оң иығына оқ атқан. Қызметкер ауруханаға жатқызылып, оған ота жасалды. Қазір жағдайы тұрақты, өмірлік маңызды мүшелері мен сүйектері зақымдалған жоқ, оның денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ», — деп атап өтті ведомстводағылар.
Бұл факті бойынша ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасымен Қазақстан Республикасы ҚК 105-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
«Оқиғаның мән-жайлары мен себептері анықталуда», — деп толықтырды полиция қызметкерлері.