Алматы облысының полицейлері екі жасар баласымен кетіп, із-түссіз жоғалып кеткен әйелді тапты.
3 наурызда Қарасай АПБ кезекші бөліміне Іргелі ауылының 48 жастағы тұрғыны 28 жастағы қызы екі жасар қызымен бірге жоғалғанын айтып жүгінгені белгілі. Арызданушының айтуынша, жоғалған әйел ішімдікке бейім болған және осыған байланысты жас қызына қауіп төнуі мүмкін. Аталған факті СДТБТ-ға тіркеліп, іздестіру ісі қозғалды.
Басқарма басшылығы іздеу жұмыстарын жедел КПБ өкілі Айдос Садықовқа тапсырды. Тәжірибелі іздестіруші көрші аудандар мен қала тұрғындарын қамтып, еріктілерді ауқымды іздеу шарасына жұмылдырды. Күн сайын іздестірушілер тобы қолда бар ақпаратқа сәйкес «Айнабұлақ — 1,2,3,4» ықшам аудандарында іздеу жұмыстарын жүргізді.
Бұдан бөлек, тәртіп сақшылары әйел адаммен байланыста болған барлық таныстарын тұрғылықты жері бойынша тексерген. 8 наурызда баласымен бірге жоғалып кеткен әйелдің орналасқан жері анықталды. Полицейлер оларды 10 жастағы үлкен немересін бағып отырған әжесіне тапсырды.
Ювеналды полиция қызметкерлері ішімдікке бейім әйелге қатысты тиісті шаралар қабылдау үшін әкімшілік материалдарды ресімдеді. Алматы қаласы Жетісу аудандық бөлімшенің әріптестері іздестіріліп жатқан әйелдің таныстары мен орналасқан жерін анықтауға көп көмек көрсетті.