Павлодар облысы ПД баспасөз қызметі қызметтік ит жоғалған қызды тапқанын хабарлады.
Төрт жасар қыз атасы мен әжесі тұратын Бөкейхан көшесіндегі үйдің ауласынан шығып кеткен. Бала сөйлемейді.
Аталған мекенжайға дереу полиция қызметкерлері, сондай-ақ инспектор-кинолог Талғат Әубәкіров өзінің Ника атты қызметтік-іздестіру итімен жіберілді.
Бұл факті бойынша жеке құрам, барлық автопатрульдер мен жаяу нарядтар бағдарланды. Сонымен қатар көшедегі бейнебақылау камералары қаралды. Қызметтік итке із алу үшін баланың заттары берілді, деп хабарлайды Павлодар облысы ПД баспасөз қызметі.
Бірнеше минуттан кейін із алған Ника қызметкерлерді 1-ші қайық бекетіне алып келді, жоғалған қыз сол жердегі қайықтардың бірінен табылып, анасына тапсырылды.
Полицияның хабарлауынша, Никаның есебінде ондаған табылған адам бар. Сондай-ақ, Ника бірнеше рет ұрлық, тонау мен кісі өлтіруді ашуға көмектесті.