Павлодарлық полицейлерден қашпақ болған көлікті мас күйде болған жүкті әйел тізгіндегені анықталды.
«Сағат 01:40-та Павлодарда Естай көшесі бойында полиция қызметкерлері 38 жасар әйел айдап келе жатқан «Hyundai» автокөлігін тоқтатқан. Көлік иесінен ішімдіктің иісі шығып тұрды. Ол медициналық сараптамаға жіберілді. Әйел жүрегі ауырып тұр деп жедел жәрдем шақыруын сұрады. Алайда шақыртуға келген медициналық қызметкерлер науқасты тексергеннен кейін ешқандай сырқат таппағандықтан, оны ауруханаға жатқызудан бас тартты», — деп хабарлады дүйсенбі күні Павлодар облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Қуаныш Мұстафинов.
Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес облыс орталығының тұрғыны жеңіл дәрежеде мас болған. Ол таксиге отырып, қашып кетпек болған, алайда полицейлер оны ұстап алды.
Павлодар қаласының әкімшілік құқықбұзушылық бойынша мамандандырылған соты оны жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырды. Жүктілігі туралы анықтама бергендіктен әйел әкімшілік қамауға алынбады.