Түркістан облысының тұрғыны экстремизмді насихаттады деген күдікпен ұсталды

Түркістан облысында экстремистік материалдарды таратқан ер адам ұсталды.

Түркістан облысының тұрғыны экстремистік материалдарды таратты деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады.

Ол деструктивті-діни ағымның идеологиясын насихаттады.

«Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Түркістан облысы ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдері деструктивті-діни ағымның идеологиясын насихаттайтын экстремистік сипаттағы бейнероликтер мен басқа да материалдарды орналастыру деректерін анықтады. Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер экстремистік материалдарды таратқан күдіктіні анықтап, ұстады. Ол Түркістан облысының тұрғыны болып шықты», — делінген хабарламада.

Тінту барысында ұсталған адамнан діни сипаттағы аудио жазбалары бар ұялы телефондар, тыйым салынған діни әдебиеттер және өзі жазған парақтар алынды.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 256-бабы «Терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру» бойынша тіркеді. Ұсталған азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бірқатар сараптамалар тағайындалды.
Естеріңізге сала кетейік, жыл басынан бері Түркістан облысының полиция департаментінде террористік және экстремистік сипаттағы 22 іс сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді, оның ішінде 7 іс бойынша 5 адамға қатысты айыптау үкімі шығарылды.

Добавить комментарий