Қазақстанда қант қоры шамамен 27 мың тоннаны құрайды
Қазақстанда қант бағасының өсуі жалғасуда. Елімізде қант тапшылығы қолдан жасалды. Ел билігінің хабарлауынша, халықты қамтамасыз ету үшін қант қоры жеткілікті. Дегенмен, дүкен сөрелерінде қант 480 теңгеден сатылып жатқан жоқ. Оны 800 теңгеден және одан қымбат бағада сату алыпсатарларға тиімді екені анық.
Қазақстанда маусым айында зауыттардың жедел деректеріне сәйкес, қант өндірісі шамамен 38 мың тоннаны құрады. Маусым айында үшінші елдерден бажсыз әкелуге арналған квота шеңберінде 23,5 мың тонна өнім импортталды. Әкімдіктердің деректері бойынша маусым айының басында қорлардағы көлем 28,9 мың тоннаны құрады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Зауыттардың (Тараз, Көксу және Меркі қант зауыттары) деректеріне сәйкес, шілдеде 37 мың тонна қант өндіру жоспарланып отыр, ал оның импорты 39,7 мың тонна болады деп күтіліп отыр.
«ҚР Ауыл шаруашылық министрлігі өніммен қамтамасыз ету үшін 250 мың тонна көлемінде қант пен құрақ шикізатын бажсыз әкелуге квота бөлді, қалған 100 мың тоннаны бөлуге өтінімдер қабылданып жатыр. Квоталардың қолданылу мерзімі 31 қазанға дейін ұзартылып, төрт жұмыс тобы құрылып (зауыттар, облыс әкімдіктері, ҚР ҚМ МКК, «ҚТЖ» ҰК» АҚ) шеңберінде қант көлемдерін өңірлерге жедел бөлу жүзеге асырылады, қант өндіру мен жеткізудің апта сайынғы кестесі пысықталып отырады», — деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Сондай-ақ өңірлердің қантпен қамтамасыз етілуіне мониторинг жүзеге асырылады, жүкті уақтылы кедендік ресімдеу жүзегізіліп, тораптық станцияларда тұрып қалуды болдырмау мақсатында қант пен шикізатты тасымалдау процесі қадағаланады.
«Қант қызылшасын қайта өңдеуге өткізуді субсидиялау нормативі ұлғайтылады, құрақ шикізатының импорты кезінде ҚҚС-ты нөлге түсіру және қызылша қантын өндіруге ҚҚС-ты 70% — ға төмендету және құрақ қантына осы жеңілдікті тарату бойынша жеңілдіктің қолданылу мерзімін ұзарту», — деп нақтылады Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Айта кетейік, өңірлерде қант дүрбелеңі елді әуре-сарсаңға салды. Қант бағасы келісіне 800-850 теңгеге жетті. Сауда желілеріне «арзан» бағада — келісіне 400-450 теңге түсетін болса, бірден ұзын-сонар кезек пайда болып, таласып әкетеді.