Нигерияда жанармай тапшылығы өткір сезіледі. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, жанармай құю бекеттерінде көліктер ұзын-сонар кезекте сағаттап тұруға мәжбүр.
Елдегі көптеген жанар-жағармай бекеттері шығынға ұшырағандықтан жабылды. Билік бензин мен дизель әкелу мәселесін реттеп, сондай-ақ ішкі нарықтағы жанамай құнын субсидиялайды.
Хабарламада айтылғандай, бұған дейін жанармайдың бөлшек сауда бағасын үйлестіретін Нигерияның жанармай сатушылар тәуелсіз қауымдастығы бір литр бензиннің ең төменгі бағасы 165 найрға дейін (180 теңгеге жуық) қымбаттағанын жариялаған болатын. Бірнеше күннен кейін Лагоста және басқа да бірқатар штаттарда қоғамдық көліктерде жол жүру бағасы өсті.
Нигерия Сахараның оңтүстігінде орналасқан, ол Африкадағы ең ірі мұнай өндіруші ел. Дегенмен, елде жергілікті сұранысты қанағаттандыру үшін мұнай өңдеу қуаты жеткіліксіз. Нигерия бензин, дизель және басқа да мұнай өңдеу тауарларының импорты бойынша әлемде 17-ші орында тұр.