Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің хабарлауынша, елордада оқу жылының басынан бері коронавирустық инфекция жұқтырған алты оқиға тіркелген. Оқушылардың біреуі ғана кезекші сыныпқа барса, қалғандары қашықтықтан оқыған.
Кезекші сыныпта білім алатын оқушылардың бірі Нұр-Сұлтанда коронавирус ауруына шалдыққан. Бұл туралы елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жанна Пірәлиева хабарлады.
Оқу жылының басталғалы бері оқушылар арасында коронавирус ауруының алты жағдайы тіркелді. Олардың ішінде бір жағдайда бала мектепке барған, қалған бес оқиға қашықтықтан оқыған. Бұл жағдай бойынша байланыста болғандар тексерілді — барлығының нәтижесі теріс. Олар 19 адам, оның алтауы мұғалім және 13 оқушы. Мектепте дезинфекция жүргізіліп, балалар мен мұғалімдер үй карантинінде болды, қазір сабаққа оралды, — деп хабарлады Жанна Пірәлиева әкімдікте өткен брифингте.
Ол атап өткендей, бүгінгі таңда мектеп мұғалімдері арасында коронавирустық инфекция жағдайы тіркелмеген.