Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) есебіне сәйкес, 20 ақпан мен 19 наурыз аралығында әлемде коронавирустан қайтыс болғандар саны 46%-ға қысқарды.
Осы кезеңде әлем бойынша 3,7 миллионнан астам жұқтыру жағдайы тіркелді және 26 мыңнан астам адам қайтыс болды. Ауру жұқтырғандар саны 31%-ға төмендегенін атап өткен жөн.
Соңғы 28 күнде жұқтырғандар саны бойынша АҚШ көш бастап тұр — 792 202 адам, одан кейін Ресей (339 564), Қытай (320 029), Жапония (291 672) және Германия (281 468) келеді. АҚШ-та аталған кезең аралығында 8 187 адам өлімі тіркелді. Олардан кейін Ұлыбритания (2 474), Жапония (1 898), Бразилия (1 587) және Қытай (1 472) тұр.
ДДСҰ мәліметінше, 21 наурыздағы жағдай бойынша әлемде коронавирусты жұқтырудың 761 миллионнан астам жағдайы тіркелді және 6,8 миллионнан астам адам қайтыс болды.