Әйелін баласының көзінше ұрған мас күйіндегі ер адамды жеті жасар қыздың шақыруы бойынша оқиға орнына келген полиция қызметкерлері тыныштандырды.
Бұл туралы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.
«Учаскелік полиция инспекторы дереу шақыруға келді. Тергеу барысында 43 жастағы отағасы ішімдік ішіп, тұрмыстық негізде отбасылық жанжал тудырып, әйелін ұрып-соға бастағаны анықталды. Қорқып қалған қыз полицейлерді шақырды. Отбасылық жанжалшы аңшылық қарудың иесі болып табылады. Полицейлер мылтықты тәркіледі», — делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы бойынша әкімшілік іс басталып, Нұр-Сұлтанның мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жіберілді.
Елордада «Учаске» жедел алдын-алу іс-шарасы жалғасуда. Оның мақсаты — қылмыс пен құқық бұзушылықты алдын-алу бойынша азаматтармен түсіндіру әңгімелерін өткізу болып табылады. Жедел алдын алу шарасы басталғалы бері учаскелік инспекторлар 263 мыңнан астам үйді аралап шықты. Тұрғылықты жері бойынша ІІО-да есепте тұрған 14 мыңға жуық адам тексерілді.
Сонымен қатар, жалға берілетін 2 922 пәтер анықталды. 23 мыңға жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 284-тен астам бұзушылық ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы «Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер» бойынша анықталды.