
ҚР Парламент Сенатының депутаттары елдегі қолданыстағы су кодексіне түзетулерді қабылдауға дауыс берді.
Депутаттар “ҚР Су кодексіне жергілікті өкілді, орталық және жергілікті атқарушы органдар арасында ауызсумен жабдықтауды субсидиялау жөніндегі өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасын қабылдады. Атап айтқанда, заң жобасы ауыл тұрғындары үшін су тарифін төмендетуді көздейді. Заң жобасының мақсаты – халықты ауыз сумен қамтамасыз ету үшін өңірлердің уақытылы субсидиялау. Құжат бүгін екі оқылымда қабылданды.
Бұрын айтылғандай, бұл заңды қабылдау ауылдық жерлерді ауызсумен жабдықтау жұмыстарын оңтайландыруға, сондай-ақ жаңадан құрылған жүйелерді жеңілдігі бар нысандар тізіміне қосу ісін тездетуге арналған.
ҚР Парламенті Сенатының төрағасы атап өткендей, ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – ел алдында тұрған басты міндеттердің бірі.
“Соңғы жылдары Парламент қабырғасында ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері жүйелі түрде көтеріліп келеді. Депутаттар бастамашылық еткен бұл заң ауылдық жерлерді ауыз сумен жабдықтау мәселелерін шешу жолындағы маңызды қадам болып табылады. Ұсынылып отырған нормалар өңірлерді дамытуға және жергілікті атқарушы органдар жұмысының тиімділігін арттыруға ықпал ететіні анық”, – деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар, экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің қорытындысында айтылғандай, заң жобасында сумен жабдықтаудың баламасыз көздері болып табылатын сумен жабдықтаудың аса маңызды жергілікті жүйелерінің тізбесін әзірлеу және бекіту жөніндегі функцияларды уәкілетті органнан жергілікті атқарушы органдарға беру көзделеді.
Бұдан бөлек, заң жобасы облыстардың жергілікті өкілді органдарына ауыз сумен жабдықтаудың баламасыз көздері болып табылатын сумен жабдықтаудың аса маңызды топтық және жергілікті жүйелерінен халыққа берілген ауыз судың бір текше метрі үшін төлемақы мөлшерін бекіту бойынша жаңа өкілеттіктер береді.