Нұр-Сұлтан мен Алматыға қытайлық вакцина жеткізілді

Елорда әкімдігі Sinopharm компаниясының коронавирустық инфекциясына қарсы Vero Cell вакцинасы Нұр-Сұлтанға жеткізілгенін хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, алдымен вакцина медициналық ұйымдарға қарасты екпе пункттеріне жеткізіледі.

«ДДСҰ мақұлдаған екпелер вакцинация пункттеріне жеткізілгеннен кейін қолданысқа енгізіледі. Бірінші кезекте вакциналар медициналық ұйымдарға қарасты егу пункттеріне жеткізіледі. СОО, СҮ жанындағы әрбір пунктке БМСК ұйымдары бекітілген. Олар вакцинаны алғаннан кейін бір тәулік ішінде сауда орталықтарының егу пункттеріне жеткізеді», — деп хабарлады басқарма басшысының орынбасары Әлия Рүстемова.

Ведомства өкілі екі компонентті бір пункттен алуға кеңес берді.

«Біз қала тұрғындарынан вакцинаның екі компонентін де бір пунктен алуды сұраймыз. Яғни бірінші дозаны емханадан немесе сауда орталығынан алсаңыз, екіншісін де аралық уақытты сақтай отырып, сол орыннан алуды ұсынамыз», — деп атап өтті қалалық денсаулық сақтау басқармасы.

Қазіргі таңда Нұр-Сұлтанда үш түрлі вакцина қолжетімді:

ресейлік «Спутник V» ;

қазақстандық QazVac вакцинасы;

қытайлық Sinopharm-ның VeroCell вакцинасы.

Бұған дейін Алматыға да осы вакцинаның алғашқы партиясы жеткізілген болатын.

«Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы 14 тамызда Vero Cell вакцинасының 10 мың дозасын ( компонент) алғанын хабарлады. Осы аптада қосымша 35 мың доза күтіледі», — делінген хабарламада.

Добавить комментарий