Қазақстанда нарықты монополиясыздандыру бойынша жұмыс белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Премьер-министрдің орынбасары Ерұлан Жамаубаев монополист ұйымдардың мүлкіне қатысты түсінік бере отырып, монополиясыздандыру аясындағы мүлік мемлекетке өтеусіз негізде қабылданатынын хабарлады.
«Мүлік мемлекеттік меншікке сыйға тарту тәртібімен — бюджеттен қаржылық шығындарсыз қабылданады», — деді Жамаубаев сәрсенбі күні үкімет отырысында сөйлеген сөзінде.
Оның айтуынша, көлік және теміржол инфрақұрылымы саласындағы тағы 26 компания мемлекеттік меншікке беріледі.
Сондай-ақ, телекоммуникация, теміржол, экология мен қонақ үй бизнесі салаларында АҚ мен ЖШС акциялар пакеті мен қатысу үлестері, жылжымайтын мүлік объектілері мен ақшалай қаражат мемлекеттік меншігіне қабылданды.