Ел үкіметі украин астығын импорттауға тыйым салмаса, Молдовада фермерлер наразылық акциясына шықпақ.
«Фермерлік күш» Молдова қауымдастығы өз мәлімдемесінде билік тарапынан шаралар қабылданбаса, Молдованың ауыл шаруашылығы саласы құрдымға кетуі мүмкін екенін атап өтті. Қазірдің өзінде көптеген ұсақ және орта фермерлік шаруашылықтар банкроттық алдында тұр.
Былтыр фермерлер құрғақшылық, инфляция және несие мөлшерлемесінің өсуі салдарынан өте көп шығындарға ұшыраған. Украина астығының импорты Молдовадағы ауыл шаруашылығы өнімдері бағасының күрт төмендеуіне әкеліп, жағдайды ушықтырды.
Фермерлер үкіметтен шығындары үшін өтемақы, Украинадан ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттауға шектеу қоюға және Джурджулеш портының Молдовада өндірілген өнімді ғана экспорттауды міндеттеуді талап етті.
Ел билігі бұл талаптарды орындамаса, фермерлер 7 маусымнан бастап ауқымды наразылық акцияларын ұйымдастыруды жоспарлап отыр.