Молдавия президенті Майя Санду елдің қорғаныс қабілетін нығайту керектігін айта келе, бейтараптықтан бас тарту мәселесінің орынды еместігін баса айтты.
Бұл туралы ол сәрсенбі күні кешке румын қоғамдық TVR телеарнасына берген сұхбатында айтты.
«Қазір бейтараптықтан бас тарту мәселесі тұрған жоқ. Себебі бейтараптық Молдавия Конституциясында жазылған. Бізге қорғаныс қабілетін нығайту керек, бірақ азаматтардың пікірін ескеру керек. Жақында жүргізілген сауалнамаларға талдау жасайтын болсақ, ел азаматтарының көпшілігі бейтараптықты сақтап қалу керек деп санайтынын көруге болады. Біз бұл таңдауды құрметтейміз», — деді Санду.
«Біз сондай-ақ өзімізді қорғау үшін не істеуіміз керек деген мәселені талқылауды жалғастыруымыз керек. Бейбітшілік пен тыныштықты өзіміз қамтамасыз ете аламыз ба? Қазіргі жағдайда бұл өте маңызды», — деп атап өтті Президент.
Ол Румыния президенттігіне үміткер болатындығы туралы сыбыстарға пікір білдіре отырып, Румынияда қандай да бір қызметте қалмайтынын айтты.
«Жағдайды түсіндіріп өткім келеді: мен Румыниядағы ешқандай лауазымды қызметке үміткер емеспін. Пруттың арғы жағалауында Молдовадағы жағдайды бақылап отырған Румыния азаматтары барын білемін, көбі Кишиневте істеп жатқан істерімізге жоғары баға беруде. Біз оларға ризашылығымызды білдіреміз. Бізде мұнда өте маңызды міндеттер бар — Молдованы Еуропалық Одаққа қосуымыз керек. Бұл маңызды және күрделі міндеттер және Румыния көмек көрсетеді деп ойлаймыз», — деп түйіндеді сөзін Санду.
Давостағы экономикалық форум кезінде Майя Санду Politico басылымына сұхбат беріп, бейтараптықтан бас тартуы мүмкін екенін айтты.