Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі есірткінің таралуына қарсы күрес бойынша қабылданған шаралардың тиімсіздігіне наразылық білдірді. 2023 жылғы 22 қаңтарда өткен ҚР Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Президент ведомствоға берілген тапсырмалар ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже көрсетпегенін атап өтті.
«Мен бірнеше рет осы мәселеге қатысты тапсырма бердім. Алайда ауыз толтырып айтатын нәтиже жоқ. Синтетикалық есірткінің қолжетімділігі және оның барынша тез таралуы жастар арасында нашақорлықтың белең алуына әкеп соқтырады. Оларға нашақорлықтың қаншалықты қатерлі екенін үнемі түсіндіріп отыру қажет», — деп Қасым-Жомарт Тоқаев, есірткіге қарсы тұру үшін ақпараттық науқандар мен алдын алу шараларының маңыздылығын атап өтті.
Президент сондай-ақ азаматтардың, әсіресе балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты және тиімді іс-қимылдар қажет екенін баса айтып, науқаншылдық, көзбояушылық және статистика үшін жұмыс істеу дегенді тоқтатуға шақырды.
Президент бұрын елдегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көңіл бөлу керек екенін мәлімдеген еді.