Мәжіліс депутаты Жәмила Нұрманбетова Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-не және бірнеше жалпы білім беретін мектептерге барды. Ол пандемия кезеңінде оқушылар мен студенттерді қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударды.
Мәжілісмен қаланың орта мектептерінің ұстаздарымен және Л.Гумилев атындағы ЕҰУ оқытушыларымен барлық жұмыс аспектілерін талқылады. Атап айтқанда, оқушыларды оқулықтармен және қажетті цифрлық техникамен қамтамасыз ету, интернетке қол жеткізу және білім беру онлайн платформаларының жұмыс істеуі, телевизиялық сабақтарды тарату, педагогтардың IT-құзыреттерін қалыптастыру, сондай-ақ кезекші сыныптарды ұйымдастыру туралы талқылады.
Мысалы, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының оқушылары оқитын № 65 мектеп-гимназиясына барған кезде депутат балаларды компьютермен қамтамасыз ету мәселесі туралы білді. Ильинка ауылындағы № 69 мектеп-гимназиясының оқушылары әлі күнге дейін жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізе алмай келеді, бұл қашықтықтан оқыту кезінде де қиындықтар тудырады. Депутатқа ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытуды ұйымдастыру, орыс тілінде және басқа пәндер бойынша бастауыш сынып мұғалімдерінің, сондай-ақ дефектологтар мен логопедтердің жетіспеушілігі мәселелері де елордалық мектептердің маңызды мәселері болып қалуда.
Білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, қаланың жалпы білім беретін мектептерінің теңгерімінде 13 616 компьютер бар, ал компьютерлік техникаға деген нақты қажеттілік қашықтықтан оқытуды ескере отырып, 35 737 бірлікті құрайды, оның ішінде 16 287 — аз қамтылған отбасылардың балалары үшін, 437 — мұғалімдер үшін. Интернетке мұқтаж адамдардың жалпы саны — 22 600 адам, оның ішінде 581 педагог.
Кездесу барысында мәжілісмен Жәмила Нұрманбетова биылғы жылы бастауыш сынып оқушылары үшін ашылатын «кезекші сыныптардың» жұмысына ерекше назар аударды. Бұл туралы әңгіме барысында депутат мектеп әкімшіліктері қашықтықтан және дәстүрлі оқыту форматында екі есе жүктеме түсетін педагогтардың жұмысын ұйымдастыруға байланысты мәселелерді қалай шешуге ниетті екенін сұрады.
Мұғалімнің мұндай жұмысты қалай ұйымдастыра алатыны мені қызықтырады. Оның көмекшілері бола ма? Мұндай бастауыш сынып педагогы мен оның көмекшілерінің жүктемесі қалай тарифтеледі? Тиісті нормативтік құжаттар әзірленді ме? — деп сұрады депутат.
Жәмилі Нұрманбетованың айтуынша, бұл мәселе бастауыш сынып мұғалімдерінің жетіспеушілігімен де ушығып барады, себебі барлық педагогтар вирусты жұқтыру қаупінен «кезекші сыныптарда» жұмыс істеуге келіспейді.
Мәжілісмен А.Құнанбаев атындағы № 87 мектеп-гимназиясында болды, оның базасында «Хабар» телеарнасының сегіз студиясы орналасқан, онда күн сайын шамамен 80 теледидар сабағы түсіріледі. Түсірілімге Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының, Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарының педагогтары тартылған. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, 1 қарашаға дейін 1 және 2 оқу тоқсандары үшін 6 636 бейне сабақ дайындау жоспарлануда.
ТВ-сабақтардың ауқымды көлемін және олардың түсірілімдерінің тығыз кестесін ескере отырып, депутат олардың сапасы мен мазмұнына, сондай-ақ еркін қолжетімділік үшін интернет-ресурстарға дер кезінде орналастыруға ерекше назар аударуға ниет білдірді. Сонымен қатар, депутат елімізде телевизиялық сабақтарды тікелей тарату мүмкіндігі жоқ тағы да 600 елді мекен бар екенін атап өтті. Білім беру өкілдері сендіргендей, осындай шалғай ауылдар мен кенттерде телесабақтар басқа арналар арқылы немесе облыстық арналар мен спутниктік антенналар арқылы ретрансляциялау жолымен берілетін болады.
Депутат Жәмила Нұрманбетова Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушыларымен кездесті. Мәжілісмен оқу процесін онлайн форматта ұйымдастырумен танысып, білім беру процесін цифрландыруға байланысты туындаған проблемалар еліміздің басқа жоғары оқу орындарында да байқалатынын атап өтті.
Олар, бірінші кезекте, шалғай аудандарда тұратын студенттердің интернетке қол жеткізе алмауына, ал деректердің беру жылдамдығы коммуникацияның заманауи талаптарға сай келмеуіне байланысты. Сонымен қатар, оқу орындарының сандық платформаларының ақпараттық қауіпсіздігінің жеткіліксіздігі туралы да сөз болды.
Қызылорда облысы мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығын өңірдегі Мәжіліс депутаттары Наталья Жұмаділдаева мен Балайым Кесебаева тексерді.
Мәжілісмендер облыс орталығындағы мектептердегі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты, сабақтарға арналған сыныптарда, медициналық және әдістемелік кабинеттерде болды, спорт залдарының жай-күйін бағалап, ғимараттардың жаңа жылыту маусымына дайындығын тексерді.
Білім басқармасының өкілдері атап өткендей, қаладағы төрт мектеп пен екі балабақшадағы жөндеу жұмыстарына «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жергілікті тұрғындар тартылды. Тағы бір «Ауыл — ел бесігі» жобасы бойынша Н. Махамбетов ауылындағы № 143 мектепте, халықаралық гранттар негізінде № 1 мектеп-гимназияда, № 4 ІТ-мектеп-лицейде және № 176 орта мектепте қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Онлайн форматта депутаттар Наталья Жұмаділдаева мен Балайым Кесебаева облыс педагогтарымен оқу орындарының жаңа оқу жылына дайындығын, сондай-ақ білім беру саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша түзетулерді талқылады.
Қызылорда облысының 293 мектебінде 168 477 оқушы жаңа оқу жылын қашықтықтан бастайды. Шалғай елді мекендерде жоғары жылдамдықты интернеттің жоқтығын атап өткен ұстаздар депутаттарға бұл қалалық және ауылдық оқушылар арасында алшақтық тудырып, оқушылардың білім алуына әсер ететінін хабарлады. Сонымен қатар, бастауыш сынып оқушылары үшін «кезекші сыныптар» ашу және мектептерді оқулықтармен және оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Оқу процесін қашықтықтан ұйымдастырудың ерекшеліктерін талқылаған мәжілісмендер барлық карантиндік қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, білім беру процесінің сапасын сақтаудың маңыздылығын атап өтті.