Марокко билігі елде вакцина салдырған азаматтардың жалпы санының (9 млн адам) 0,03%-ы коронавирусқа шалдыққанын, олардың көбісінде ауру жеңіл түрде өткенін хабарлады.
Бұл туралы сәрсенбі күні жеке дәрігер-мамандардың ұлттық кәсіподақ алқасының президенті, Мулай корольдігінің вакциналау жөніндегі ғылыми комитетінің мүшесі Саид Афиф Al Messa газетіне берген сұхбатында мәлім етті.
«Вакцинаның екі дозасын алғаннан кейін коронавирус жұқтырған адамдардың көбісінде (98%) ауру жеңіл түрде өтті. Індеттің ағымы ауыр өткен жағдайлардың үлесі аз», — дейді Афиф.
«COVID-19 індетін ауыр өткергендер мен өлім-жітім статистикасы қорқынышты емес. Бұл Мароккодағы эпидемиологиялық жағдай бақылауда екенін көрсетеді. Сонымен қатар, жаңа штаммдардың таралуы алаңдатады», — деді ол, ел азаматтарын «өз денсаулығы мен отандастарының денсаулығын қорғау үшін вакцинация науқанына қатысуға» шақырды. «Вакцинация — пандемияны ауыздықтаудың жалғыз жолы», — деп қорытындылады Афиф.
Санитарлық ТЖ режимі
13 шілде күнгі мәлімет бойынша, Мароккода індет жұқтырғандардың саны 545 мыңнан асты. 2020 жылдың 2 наурызынан, корольдікте алғашқы жұқтыру жағдайы тіркелгеннен бері, коронавирус салдарынан 9 395 адам қайтыс болды, 526 мыңнан астам пациент жазылып шықты.
Бұған дейін Марокко үкіметі коронавирустың таралуын болдырмау үшін 2020 жылғы 20 наурызда енгізілген санитарлық төтенше жағдай режимін тағы да ұзартты. Ол 10 тамызға дейін қолданыста болады.
28 қаңтарда Марокко королі VI Мұхаммед коронавирусқа қарсы жаппай вакциналау ұлттық науқанын бастады. Монархтың тапсырмасына сәйкес вакцинация барлық азаматтар үшін, сондай-ақ елде тұрақты тұратын шетелдіктер үшін тегін. Бұл Марокко халқының 80%-ын қамтиды (шамамен 30 млн адам). Қазіргі таңда корольдікте 10,71 млн-нан астам адам вакцина алды, оның 9,40 млн-нан астамы вакцинаның екінші компонентін салдырды.