ДДСҰ СOVID-19 қарсы тағы бір вакцинаны мақұлдады

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 қарсы тағы бір вакцина қолдануға мақұлданғанын хабарлады. Бұл Үндістанда шығарылған препарат.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) үндістандық Bharat Biotech компаниясының коронавирусына қарсы Covaxin вакцинасын мақұлдады. Бұл туралы ДДСҰ-ның Twitter-дегі парақшасында хабарланды.

Аталған препаратты Bharat Biotech компаниясы әзірлеген. Техникалық консультативтік топ Covaxin вакцинасы COVID-19-дан қорғау стандарттарына сәйкес келетінін және вакцинаның пайдасы келер қауіптен жоғары екенін анықтады.

Үндістанда әзірленген коронавирусқа қарсы «Коваксин» вакцинасы қалай әсер етеді

Covaxin белсенді емес вирус негізінде жасалған. Иммундық реакция тудыру үшін ағзаға «өлген» коронавирустың фрагменттерін жеткізіп, классикалық схема бойынша жұмыс істейді. Бұған дейін қытайлық CoronaVac және Sinopharm вакциналары осыған ұқсас тәсілмен әзірленген болатын.

Препарат 18 жастан асқандарға екі дозасын 28 күн интервалмен салуға кеңес береді.

Клиникалық сынақтардың үшінші фазасының қорытындысы бойынша вакцинаның COVID-19 қарсы тиімділігі 77,8%-ды көрсетті. Аурудың ауыр формасына қарсы тиімділігі 93,4%-ды, ал ауру белгісі байқалмайтын науқастарда 63,6% көрсеткен. Препараттың «дельта» штаммына қарсы тиімділігі дәл осындай болған.

Covaxin 16 елде тіркелген, 50 мемлекетте вакцинаны мақұлдау процесі жүріп жатыр. Үндістанның өзінде компания төрт нысанда вакцина өндірісін жолға қойып, 1 миллиард дозажылдық қуаттылыққа жету үшін одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, ұйым өкілдері жүкті әйелдерге Covaxin вакцинасын қолдану үшін деректер «жүктілік кезіндегі оның қауіпсіздігі мен тиімділігін бағалауға жеткіліксіз» екенін атап өтті.

Бүгінгі таңда ДДСҰ мақұлдаған вакциналар тізіміне Pfizer-BioNTech, Moderna, Jassen, AstraZeneca, Sinovac, Sinopharm компанияларының препараттары кіреді.

Добавить комментарий