Ұлыбритания Украинаға 1,2 млрд доллар көлемінде әскери көмек беретінін мәлімдеді.
Бұл туралы Bloomberg және Reuters басылымдары британдық үкіметтің мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлайды.
Әскери көмек әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелеріне, дрондарға, радиоэлектрондық күреске арналған құрылғыларға және украиналық сарбаздарға арналған мың бірлік маңызды құрал-жабдықтарға бағытталады
Борис Джонсонның кеңсесі қосымша әскери жабдықтар Украинаға шабуылға шығуға мүмкіндік беретін алғашқы қадам екенін мәлімдеді.
Джонсон бейсенбі күні Мадридте өтетін НАТО саммитінде қаржыландырудың артқанын жариялайды.
Бұл соғыс басталғалы бергі Ұлыбританияның жалпы әскери қолдауын 2,8 млрд долларға дейін арттырады. Лондон бұл АҚШ-ты қоспағанда, барлық елдер арасындағы ең үлкен көмек екенін айтып отыр.
Бұған дейін Ұлыбританияның Қорғаныс министрі Бен Уоллес Эстониядағы британдық әскери контингентті 1000 адамға ұлғайту және аймақта екі жаңа әуе кемесін орналастыру арқылы НАТО-ның шығыс қапталын нығайту жоспарларын жариялаған болатын.