Ағымдағы жылы ҚР Ұлттық банкі еліміздің екі ірі ЖОО-мен бірлесіп өткізген білім беру бағдарламалары аясында 42 грант бөлінді.
Кадрлар даярлау жөніндегі бірлескен бағдарламаларға «Назарбаев Университеті» ДБҰ мен «Нархоз Университеті» КЕАҚ қатысуда, деп хабарлайды Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Аталған бағдарламалардың негізгі мақсаты мемлекеттік басқару және қаржы саласы органдарына білікті кадрлар даярлау, дарынды жастарды қолдау және Қазақстанда қаржы саласында бейінді жоғары білім беру жүйесін дамытуға жәрдемдесу болып табылады.
Қабылдау емтихандарының нәтижелері бойынша және қабылдау комиссиясының шешімі негізінде 2020-2022 оқу жылына арналған Назарбаев университетінің Master of Science in Finance бағдарламасына 12 магистрант қабылданды. Сондай-ақ, конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша Нархоз университетіне «Қаржылық талдаушы», «Қаржылық тәуекел-менеджмент», «Макроаналитика және болжау», «Актуарий» бағдарламаларына 30 магистрант қабылданды.
«Ұлттық Банктің Нархоз университетімен ынтымақтаса отырып 2003-2018 жылдар аралығында «Қаржылық талдаушы», «Қаржылық тәуекел-менеджмент», «Актуарий» бағдарламалары бойынша 700-ден астам магистрант дайындалды», — деп атап өтті Ұлттық банктің адами капиталды дамыту департаментінің директоры Шолпан Тоқбергенова.
«Сондай-ақ, 2017 жылдан бастап Назарбаев университетімен серіктестік аясында Master of Science in Finance бағдарламасы бойынша 39 магистрант оқудан өтті. Аталған бағдарламаларды бітірушілердің басым бөлігі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен қаржы ұйымдарына жұмысқа орналастырылды», — деп толықтырды ол.
Оқу аяқталғаннан кейін бағдарлама түлектері үшін Ұлттық Банкте, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде, сондай-ақ ҚҰБ еншілес ұйымдарында жұмысқа орналасу көзделген.
Бағдарламалардың мазмұны мен оқуға қабылдауға қойылатын талаптар «Назарбаев Университеті» ДБҰ Жоғары бизнес мектебінің сайтында және «Нархоз Университеті» КЕАҚ Қолданбалы қаржы магистратурасының порталында орналастырылған.