Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің әкімшілігі тарихтағы ең ірі ақау орын алғаннан кейін олардың жұмысын толық қалпына келтірілгенін жариялады.
«Біздің әлеуметтік желіні қолданатын адамдар мен шағын және ірі компаниялардан кешірім сұраймыз. Біз қосымшалар мен сервиске қолжетімділікті қалпына келтіру үшін көп жұмыс жасадық және олардың оралғанын хабарлағанымызға қуаныштымыз. Шыдамдылық танытқандарыңыз үшін рахмет», — делінген Facebook корпорациясының сейсенбі күнгі хабарламасында.
Естеріңізге сала кетейік! Сейсенбіге қараған түні Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 21:30 шамасында бүкіл әлем бойынша желі қолданушлары Facebook және оған тиесілі WhatsApp және Instagram сервисіне кіре алмады. Бұдан бөлек, TikTok және басқа да бірқатар сервистердің қолданушылары ақау туралы хабарлады.
Facebook-тің алты сағат бойы жұмыс істемеуіне бағдарламалық жасақтаманы жаңартудағы қателер себеп болды.
Осы оқиғаның салдарынан Facebook компаниясы және басқа да көптеген алып IT-компаниялардың акциялары арзандады, ал Facebook-тің негізін қалаушы Марк Цукерберг бірнеше сағат ішінде $6 млрд-тан астам қаржысын жоғалтты.