Латвия СІМ Украинадағы соғысты аяқтау үшін Киевке жеткізілетін ДАРҚЖ HIMARS және басқа да заманауи қару-жарақтың санын арттыру керектігін мәлімдеді.
Латвияның СІМ басшысы Эдгарс Ринкевичс ресейліктердің баса-көктеп кіргеніне алтыншы айдың басталуына байланысты мәлімдеме жариялады. Ол Батысты Украинаға заманауи қару-жарақты көбірек жіберуге шақырды. Бұл туралы Ринкевичс Twitter-дегі парақшасында хабарлады.
«Ресей Украинаға баса-көктеп кіріп, шабуыл жасағанына 5 айдың жүзі өтті, Украина тойтарыс беріп келеді, біз оны қолдауды жалғастыруымыз керек. Бос әңгімелердің орнына соғысты тоқтату үшін HIMARS және басқа да заманауи қару-жарақ жүйелері қажет», — деп жазды ол.
Еске салайық, бұған дейін Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан батыс елдеріне Украинаға қару-жарақ жеткізбеу керек екенін айтқан болатын.
Бұған дейін АҚШ Украинаға 300 шақырымға дейінгі қашықтықтағы нысанды жайрататын HIMARS-қа арналған ATACMS зымырандарын бермейтінін хабарлаған.
Сонымен қатар РФ СІМ басшысы Сергей Лавров УҚК Батыс елдерінен алыс қашықтыққа арналған қару-жарақ алғандықтан, Ресейдің Украинадағы операциясының «географиялық міндеттері» өзгергенін мәлімдеді.