ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков коронавирустық инфекцияға қарсы ресейлік вакцинаны қайда өндіру жоспарланып отырғаны және препаратты дайындау процесі қалай ұйымдастырылатыны туралы айтып берді.
«Мемлекет басшысы мен Үкіметтің тапсырмасы бойынша біз белгілі бір жұмыс атқардық. Ол үшін біз отандық алаңдарды зерттедік: «біздің алпауыт — Химфарм» АҚ , Алматыдағы «Нобель», «Еврохим» және Қарағанды фармацевтикалық кешені. Қарағанды фармацевтикалық кешені басшылығының мәлімдемесі бойынша, олар анағұрлым дайындалған. Вакцина өндіруді қолданыстағы алаңда жүзеге асыру көзделеді. Сондықтан жеке зауыт немесе цех салу қажет емес «, — деп атап өтті спикер ОКҚ-да өткен брифингте.
Оның айтуынша, мемлекет тарапынан ешқандай қаржы бөлінбейді.
«Қазір ресейлік тараппен — тікелей инвестициялар қорымен келіссөздер жүргізілуде. Осының негізінде келісімге қол қойылады, онда өндірісті жолға қою, оның ішінде мамандарды тарту бойынша барлық мәселелер қарастырылады», — деп қорытындылады Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі.